Ертеде жауынгершілік жиі болатын кезде, қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады. Екі достың біреуі тұтқиылдан тиген жау қолына түседі. Досының қолға түсіп қалғанын естіген екінші батыр күздің қара суығын елеместен, өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді. - Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім. Менің айырбасқа берер малым, мүлкім жоқ. Бір-ақ нәрсе беремін. Ол - өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар, - дейді. Қолбасы ойланып отырып, оны сынамақ болады: - Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сол өміріңнің бір бөлшегін ғана берсең болады – маған екі көздерің керек, - дейді қолбасы, - екі көзіңді ойып аламын! - Ол да болсын, көзімді тезірек ал да, досымды босат, - дейді жігіт. Сөйтіп, әлгі жауынгер тұтқыннан босаған досының иығына қолын артып, зағип күйі қуанып, күлімдеп келе жатады. Мұны көрген жаудың қолбасы: - Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп бас салмаса, бетпе-бет ұрыста жеңу қиынға соғады екен, - деп түйіпті. Мен де сізге осындай жанын аямайтын, жолдасын жолға тастамайтын қазақтың шын достығын тілеймін.

Теги других блогов: қазақ достық жауынгершілік